Тоқаев: Геологиялық барлау мен инвестициялық жобаларды жүйелі жалғастыру қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» есебін тыңдап, геологиялық барлау мен инвестициялық жобаларды жүйелі жалғастыруды тапсырды. Компания капиталы 22 трлн теңге.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының биылғы он айда атқарған қызметінің қорытындылары баяндалды. Басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания капиталының 22 триллион теңгеге жеткенін жеткізді. Оның айтуынша, қаржылық ахуал тұрақты және жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Мемлекет басшысына компанияның 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын қабылдағаны туралы мәлімделді. Бағдарлама аясында 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр: 60 000 шақырым аумақта сейсмикалық барлау жүргізу және жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қолданыстағы активтерде үнемі қосымша барлау жұмыстарын жүргізіп келеді. Атырау облысында Батыс Қарасор, Маңғыстау облысында Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталды. Президентке жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқасы енгізіліп жатқаны жөнінде айтылды.
Компания басшысы тауарлық газ өндіруді қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар туралы мәлімет берді. Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр, қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда. Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен.
Бұдан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай химиясы зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, атап айтқанда полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешені құрылысының барысы таныстырылды.
Аймақтарда іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға да айрықша мән берілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған. Кездесу қорытындысы бойынша Президент геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
