Қазақстан жасанды интеллект саласында Еуропа мен Азия арасындағы орталыққа айналуы мүмкін
Қазақстан жасанды интеллект нарығындағы орнын нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы технологиялық орталыққа айналуы мүмкін. Британдық басылымның талдауы.
Фото: Kazinform
Қазақстан халықаралық жасанды интеллект нарығындағы орнын нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы басты технологиялық орталықтардың біріне айналуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы британдық Global Banking & Finance Review қаржылық-талдамалық басылымы елдің болашағы, цифрлық инфрақұрылымның дамуы және ірі инвестициялардың тартылуы жөнінде жазды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Басылым атап өткендей, Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан біртіндеп толыққанды жасанды интеллект экономикасын қалыптастыруға көшуде. Бұған есептеу инфрақұрылымын дамыту, халықаралық технологиялық ынтымақтастық және отандық IT-жобаларды қолдау негіз болып отыр.
Елдің технологиялық әлеуетіне деген қызығушылық NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапарынан кейін күшейді. Қазақстанға алғаш рет келген ол елімізді есептеу қуаттарын дамыту және жасанды интеллект технологияларын өндіру үшін болашағы зор алаң деп атады.
Соңғы жылдары еліміз мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және IT-секторды дамыту бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетті. «Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,3 пайызы электрондық форматта қолжетімді, ал халықтың 97,5 пайызы интернетке қосылған. 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жетті. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млн доллар болған», – делінген жарияланымда.
Британдық басылымның бағалауынша, цифрлық трансформацияның келесі кезеңі жасанды интеллектіні тек мемлекеттік басқаруға ғана емес, экономиканың негізгі салаларына да енгізуді көздейді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика салалары туралы сөз болып отыр. Жаңа технологияларды іс жүзінде қолдану алдағы экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналуы тиіс.
Осындай басымдықтарды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтіп, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні экономикалық үдерістерге енгізу қажеттігін айтты.
Цифрлық инфрақұрылым саласындағы ең ауқымды жобалардың бірі – Екібастұздағы Data Center Valley. Жасанды интеллект пен есептеу қуаттарын дамыту бағытындағы халықаралық ынтымақтастық жалпы сомасы 10 млрд долларға дейін жететін келісімдер пакетін қамтиды. Жобаның бірінші кезеңін коммерциялық пайдалануға беру 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстан суперкомпьютерлік инфрақұрылымды және жасанды интеллектінің отандық тілдік модельдерін дамытып жатыр. Алайда Global Banking & Finance Review атап өткендей, заманауи есептеу қуаттарының болуы өздігінен технологиялық көшбасшылыққа кепілдік бермейді. Жергілікті мамандардың халықаралық нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдер жасай алуы да маңызды рөл атқарады.
Басылым технологиялық экожүйенің табысты дамуына мысал ретінде жасанды интеллект көмегімен бейне генерациялауға маманданған Higgsfield стартабын келтіреді. 2026 жылдың тамызында компания 400 млн доллар инвестиция тартты. Осы кезде оның бағалау құны 5,4 млрд долларға жетті. Жарияланым авторларының пікірінше, мұндай жобалар Қазақстанның технологиялық ортасының мүмкіндіктерін және отандық әзірлеушілердің жаһандық нарыққа шығу әлеуетін көрсетеді. Осындай компаниялардың дамуы Қазақстанның шетелдік технологияларды тартып қана қоймай, өзінің цифрлық өнімдерін жасауға да қатыса алатынын растайды.
Британдық басылым жасанды интеллектіні енгізудің экономикалық әсері IT-индустрия шеңберінен әлдеқайда кең болуы мүмкін екеніне назар аударады. Энергетика саласында интеллектуалды жүйелер апаттарды болжауға және жабдықтардың тоқтап қалу уақытын қысқартуға қабілетті. Ал өнеркәсіпте еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Логистикада жасанды интеллект жүк тасымалын жеделдетіп, көлік ағындарын басқаруды жақсарта алады. Ал ауыл шаруашылығында жер, су және басқа да ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар тұрақты нәтижелерге қол жеткізу үшін Қазақстан білім беру саласына, инженерлік кадрларды даярлауға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға инвестиция салуды жалғастыруы қажет. Цифрлық инфрақұрылымның дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, отандық технологиялардың пайда болуымен және IT-өнімдер экспортының өсуімен қатар жүруі үшін тиісті жағдай жасау ерекше маңызға ие.
Global Banking & Finance Review атап өткендей, Қазақстанның стратегиялық міндеті – шикізат пен энергетикалық ресурстар экспортынан қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтер өндіруге біртіндеп көшу. Жасанды интеллект осындай өзгерістерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін. Сонымен бірге халықаралық қызығушылық пен ірі инвестициялық жобалар нақты экономикалық нәтижелермен ұштасуы тиіс.
Басылымның бағалауынша, Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыруы, бәсекеге қабілетті технологиялар жасауы және цифрлық экспортты кеңейтуі оның әлемдік технологиялық индустриядағы болашақ орнын айқындайды.
Бұған дейін NVIDIA компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін оң бағалап, еліміздің жасанды интеллект экономикасын қалыптастыру жолында белсенді ілгерілеп келе жатқанын атап өткен болатын.
