Ақтөбеде 16 жастағы студент жатақхананың терезесінен құлап көз жұмды
Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлаған 16 жастағы студент 42 күннен кейін ауруханада көз жұмды. Қазір жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Тергеу нұсқасына сәйкес, төртінші курс студенті Мәди Сүгербай Нұрбақыт Бақытты түнде дүкенге бару үшін терезеден түсуге көндірген. Жасөспірім бес төсек жапқышын байлап, төмен түсуге әрекет жасаған кезде құлап кеткен.
Сотта жатақханада жоғары курс студенттерінің төменгі курс студенттерін ұрып-соғып, қорқытқаны туралы деректер де айтылды. Куәгерлердің сөзінше, олар шағымдануға қорыққан. Сондай-ақ айыпталушының бұған дейін студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғаны белгілі болды.
Мәди Сүгербайға қауіпті жағдайда қалдыру және абайсызда адам өліміне себеп болу баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамайды.
Марқұмның анасы Құлайым Қолова қайғылы жағдайға жатақхана мен колледж басшылығы да жауап беруі керек деп есептейді. Оның айтуынша, оқу орнында балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.
