Айбар Олжаев: KAZ Minerals зауыты үшін мемлекет барлық қолдау тетіктерін іске қосты
Айбар Олжаев KAZ Minerals-тің Ақтоғайдағы 1,8 млрд долларлық мыс балқыту зауыты және жаңа тарифтік әдістеме туралы талдау жасады.
PR-сарапшы әрі экономикалық шолушы Айбар Олжаев Facebook парақшасында Ақтоғайда құны 1,8 млрд доллар болатын мыс балқыту зауытының салынуы мен оның айналасындағы тарифтік саясатқа қатысты талдауын жариялады. Оның айтуынша, 20 қазанда мыс өнеркәсібіне қатысты екі маңызды оқиға қатар өтті: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын қайта өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесін бекітті, ал дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KAZ Minerals компаниясының мыс балқыту зауытының құрылысына ресми бастау берді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Айбар Олжаев бұл зауыттың салыну тарихы соңғы 11 жыл бойы бірнеше рет өзгергенін еске салды. 2015 жылы KAZ Minerals Директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук ел ішіндегі өңдеуді дамыту қажеттігін мәлімдеген. 2017–2018 жылдары компания құрылыстан бас тартып, жобалауға кеткен 15 млн долларды есептен шығарған. Сол кезде Новачук берген сұхбатында «Қазақстанда тағы бір өндіріс орнын салудың экономикалық тұрғыдан еш мәні жоқ» екенін, шикізатты Қытайдағы бос қуаттар арқылы өңдеу тиімдірек екенін жеткізген болатын. 2024 жылы компания жобаны қайта жандандырып, құнын 1,5 млрд доллар деп бағалап, оны 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлады. Алайда сол жылдың күзінде құрылысты аяқтау 2029 жылдың көктеміне шегерілді. 2026 жылы жобаның инвестициялық көлемі 20%-ға өсіп, 1,8 млрд долларға жетті, ал алғашқы өнім алу мерзімі енді 2030 жылға белгіленді.
Сарапшы бірнеше жыл бойы «тиімсіз» деп танылған өндірістің кенеттен «стратегиялық шешімге» айналу себебі мемлекет ұсынған преференцияларда жатыр деп санайды. «Мемлекет бұл жобаны стратегиялық бақылауға алды, ҚДБ (Қазақстанның Даму Банкі) арқылы қаржыландыру қарастырылуда, енді инвестициялық үстемесі бар тариф белгілеудің жаңа қағидалары бекітілді. Сөйтіп KAZ Minerals қайтадан зауыт салуға кірісті. KAZ Minerals елдегі концентратты сыртқа тасымай, өз зауытын салуы үшін мемлекетке өнеркәсіп саясатының барлық арсеналын қосу қажет болды ма?» — деп жазады сарапшы.
Үкімет бекіткен жаңа әдістеме бойынша мыс концентратын өңдеу тарифіне тек таза өңдеу шығындары мен нормативтік пайда ғана емес, жаңа зауыттар салуға немесе жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға жұмсалған инвестициялық шығындарды енгізуге рұқсат етілді. Бұл тетік жаңа өндіріс орындарына салынған инвестицияны концентратты өңдеу құны (тариф) арқылы қайтарып алуға кепілдік береді. Ол инвестор үшін тәуекелді азайтып, жобаны алдын ала тиімді ете түседі.
Олжаевтың пікірінше, KAZ Minerals компаниясының 1,8 млрд долларлық зауыты осы нормативтік және қаржылық тетіктердің басты пайдасын көрушілердің бірі болмақ. Бұл ретте Президенттің зауыт іргетасын қалау кезінде Конституцияға сәйкес жер қойнауы мен табиғи байлық халыққа тиесілі екенін және бекітілген мерзімдердің қатаң сақталуын талап еткені ерекше назар аударарлық жайт.
