Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 26 қазан 2026 $ 452,2↓€ 506,6↓₽ 5,63↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» бас бапкерлігінен кетті

    «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кетті. Клуб оның өтінішін қабылдап, уақытша бапкер Жора Арутюнянды тағайындады.

    Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» бас бапкерлігінен кетті

    Фото: fckairat.com

    Алматының «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кетті. Клуб басшылығы оның отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Бұл туралы клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Рафаэль Уразбахтин 2024 жылғы қыркүйекте «Қайраттың» негізгі командасын басқаруға кірісті. Алғашқы маусымында-ақ алматылық клубты Қазақстан чемпионы атандырды.

    2025 жылы оның жетекшілігімен «Қайрат» Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, чемпиондық атағын қорғап қалды. Сол жылы команда өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

    Ал 2026 жылғы маусымда алматылықтар УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіне шығып, Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

    «Қайраттың» бас бапкері міндетін уақытша Жора Арутюнян атқарады. Ол бұған дейін «Қайрат-Жастар» командасын басқарған. Оның жетекшілігімен футболшылар «Алтайға» қарсы алдағы матчқа дайындалады.

    Клуб Рафаэль Уразбахтинге атқарған жұмысы, кәсібилігі және команда тарихына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

    Еске салайық, 25 қазанда Қазақстан чемпионатының 29-туры аясында «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті.

    Осы нәтижеден кейін алматылықтар чемпион атану мүмкіндігінен айырылып, маусымды мерзімінен бұрын екінші орынмен аяқтады. Ал Шымкенттің «Ордабасы» клубы чемпиондық атақты мерзімінен бұрын жеңіп алды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →