Алматының туристік әлеуеті Сингапурдегі ITB Asia 2026 көрмесінде таныстырылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі
Алматының Туризм басқармасы 21-23 қазан аралығында Сингапурде өтіп жатқан ITB Asia 2026 халықаралық туристік көрмесіне қатысып отыр. Көрмеде 1 000-нан астам компания мен 1 500-ден астам кәсіби байер бас қосты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Visit Almaty стендінде қаланың туристік мүмкіндіктері таныстырылған. Олардың қатарында тау бағыттары, табиғи көрікті жерлер, мәдени мұра, гастрономия және жыл бойы демалуға арналған мүмкіндіктер бар. Көрмеге қатысудағы мақсат – Алматыны Азия нарығында ілгерілету, іскерлік байланыс орнату және халықаралық туроператорлармен ынтымақтастықты дамыту.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Алматыға деген қызығушылық артып келеді. 2025 жылы қалаға Малайзиядан 9 416 турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Ал Сингапурдан келген туристер саны 2,3 есеге өсіп, 3 953 адамға жетті.
Өңірдің көлік қолжетімділігін Алматы – Куала-Лумпур бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы қамтамасыз етеді. AirAsia әуе компаниясы бұл бағытта айына 22 рейс орындайды. Сонымен қатар Air Astana әуе компаниясы 2026 жылы 25 желтоқсаннан бастап Алматы – Лангкави бағыты бойынша маусымдық тікелей рейсті іске қосуды жоспарлап отыр.
ITB Asia 2026 көрмесіне қатысу Алматының туристік өнімдерін халықаралық нарықта таныстыруға, шетелдік серіктестермен іскерлік байланысты кеңейтуге және Азия елдерінен келетін туристер санын арттырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
