Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 21 қазан 2026 $ 453,1↑€ 508,8↓₽ 5,38↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Үштөбеде «Таза Қазақстан» аясында жаңартылған саябақ ашылды

    Жетісу облысы Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңартылған орталық саябақ ашылды. Салтанатқа 1,5 мың адам қатысты.

    Үштөбеде «Таза Қазақстан» аясында жаңартылған саябақ ашылды

    Сурет: Қаратал ауданының әкімдігі

    Жетісу облысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңартылған заманауи орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұл биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды. Алдымен аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді.

    «Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», — делінген құттықтау хатта.

    Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен демалыс орны араға он жылдан астам уақыт салып, бүгінгі заман талаптарына сай жаңғыртылып, қайтадан халық игілігіне ұсынылып отыр. Оның жалпы аумағы — 6,6 гектар.

    Абаттандырылған саябақта тұрғындар мен аудан қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасымен серуендеуіне және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Сол сияқты ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылса, соның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.

    Атап өтсек, облыста елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2022-2025 жылдары 40 саябаққа жөндеу жүргізілсе, биыл 7 парк, 1 сквер, 4 аллея жөндеуден өткізілуде.

    Жалпы, облыс құрылғаннан бері Талдықорған қаласында, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарында 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынды.

    Сондай-ақ Талдықорған қаласында «Тасбақа», Сарқанда «Қойтас», Текеліде «Серкесай» экопарктері құрылды. Төртінші экопарк ретінде Қапалдағы «Тамшыбұлақты» дамыту қолға алынбақ.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →