Құрылтайда ЕҚЫҰ ПА климаттық және демографиялық қауіпсіздікті талқылады
Құрылтайда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Гудрун Куглермен кездесу өтті. Климаттық және демографиялық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі талқыланды.
Сурет: Құрылтайдың баспасөз қызметі
Құрылтайға ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті, Аустрия Парламенті Ұлттық кеңесінің депутаты Гудрун Куглер келді. Кездесуді Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, жуырда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалған депутат Дана Медеуова төрағалық етті.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Кездесуге қатысушылар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, климаттың өзгеруі мен демографиялық тұрақтылық мәселелерін, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

– Біз ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы диалогты дамытуға ниеттіміз. Орталық Азия елдері өкілдерінің Ассамблеядағы басшылық лауазымдарда болуы өңірлік күн тәртібін, әсіресе климаттың өзгеруі мәселелерін ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдіміз, – деп атап өтті депутат Дана Медеуова.
Кездесуде климаттық және демографиялық өзгерістердің өзара байланысына, су қауіпсіздігі мәселелеріне және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тараптар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының алдағы іс-шараларында бірлескен бастамаларды ілгерілету перспективалары бойынша пікір алмасты.
Талқылауға Құрылтай депутаттары Әсел Баденова, Евгений Больгерт, Шахмардан Байманов, Юлия Кучинская, Айдос Сарым және Нұргүл Тау қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар климаттық және демографиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
