Түркістан облысында басына шелек киген бүлдіршіннің видеосы миллион қаралым жинады
Түркістан облысында басына шелек киіп, далада серуендеген бір жарым жасар Марленнің видеосы әлеуметтік желіде миллионнан астам қаралым жинап, көпшіліктің балалық шаққа деген сағынышын оятты.
Сурет: видеодан скриншот
Түркістан облысында басына шелек киіп, кең далада алаңсыз серуендеген кішкентай баланың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бір жарым жасар Марленнің қызықты әрекеті миллионнан астам қаралым жинап, көпшіліктің балалық шаққа деген сағынышын оятты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бейнежазбаны бүлдіршіннің анасы Дина жариялаған. Оның айтуынша, видео Арыс қаласына жақын орналасқан Алға ауылында түсірілген.
Кадрлардан кішкентай Марленнің басына шелек киіп алып, далада емін-еркін қыдырып жүргенін көруге болады. Баланың қарапайым әрекеті желі қолданушыларының көңілінен шығып, бейнежазба аз уақыт ішінде миллионнан астам рет қаралған.
Анасының сөзінше, отбасы Арыс қаласында тұрады. Ал ауылға мал қарауға жиі барып тұрады. Марленнің ауыл тіршілігіне араласып, үлкендерге көмектескен сәттері де әлеуметтік желіде жарияланған. Сондай видеолардың бірінде бүлдіршін жұмыртқа жинап жүреді.
Желі қолданушылары баланың еш алаңсыз жүргеніне сүйсініп, өздерінің балалық шақтарын еске алған.
