Президент: «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
Мемлекет басшысы Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігін сақтаудың маңыздылығын айтып, «Таза Қазақстан» акциясының жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрғанын және оның бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін атап өтті.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

– Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.

