Көкшетауда 21 жастағы тұрғынның телефоны мен депозитіндегі 2,65 млн теңгесін ұрлаған күдікті ұсталды
Көкшетауда 21 жастағы тұрғынның танысы құны 660 мың теңгелік телефонын ұрлап, депозиттегі 1 млн 990 мың теңгесін аударып алған. Жалпы шығын 2 млн 650 мың теңге. Күдікті ұсталды.
Фото: freepik
Көкшетауда 21 жастағы жергілікті тұрғын ұялы телефонынан және банк депозитіндегі қомақты қаражатынан айырылды. Полиция күдіктіні ұстады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жәбірленушінің сөзінше, танысы оның құны 660 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткен. Алайда күдікті бұнымен тоқтамаған. Ол қолына түскен телефондағы мобильді банк қосымшасын пайдаланып, жәбірленушінің депозитінде жатқан 1 миллион 990 мың теңгені өз есепшотына аударып алған.
Осылайша, телефон мен депозиттегі қаражатты қоса есептегенде, жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 2 миллион 650 мың теңгені құрады.
Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары жүргізген шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
