Полиция қызметкері 12-қабаттан секірмек болған қызды құтқарып қалды
Астанада полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері биіктіктен секірмек болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкері Еламан Тішпаев түскі уақытта үйіне келген. Жаттығуға шығуға дайындалып жатқан кезде, үйдің маңына адамдардың жиналғанын байқайды. Куәгерлер ғимараттың жоғарғы қабаттарының бірінде балконда қыздың отырғанын айтқан.
Полицей бірден подъезге кіріп, 12-қабатқа көтерілді. Балконның шетінде отырған қызды көріп, жағдайды бағалаған ол абайлап арт жағынан жақындады. Қолайлы сәтті пайдаланып, қызды ұстап алып, балконның шетінен қауіпсіз жерге шығарды.
Одан кейін жедел қызметтер келгенге дейін қыздың жанында болып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырды. Полиция қызметкерінің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
Фото: ЖИ
