Алаш мұрасы – жастарға басты үлгі
Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлының ақыл-ой қорын үлгі ету туралы сауалын профессор Айгүл Ісмақова қолдап, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуді ұсынды.
Сурет: turkystan.kz
Бүгін Құрылтай отырысында Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға еліміздің ақыл-ой қорына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды үлгі ету мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутат қоғамда білім мен ғылым үстемдігін қалыптастырып, мемлекетшіл әрі ел дамуына үлес қосатын жаңа буынды тәрбиелеу жолын ұсынды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы және Назарбаев Университетінің (NU) Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебіндегі (SSH) Қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессоры Айгүл Ісмақова депутаттың бұл сауалына қолдау білдірді.
Профессор жастарды мектеп қабырғасынан бастап отаншылдық пен мемлекетшілдікке тәрбиелеп, заманауи білім мен технология арқылы Отанға қызмет етудің жаңа үлгісін қалыптастыру қажет екенін анық айтты.
«Бүгін бүкіл әлемде үстірт пікір мен кездейсоқ ақпарат үстемдік құрған шапшаң заман қалыптасып келеді. Бұл үдеріс білім мен ғылымға да әсер етуде. Ата заңымызда білім мен ғылым, өнер мен мәдениетке басымдық берілген. Егер біз осы құндылықтарды заман талабына сай дамытып, жасанды интеллект пен инновациялық өзгерістерден қалып қойсақ, әлемдік бәсекеде артта қалған елдердің қатарына түсуіміз мүмкін.
Білім мен ғылым саласы әлемдегі жылдам өзгерістерден қалмауы үшін не істеуіміз керек? Қазіргі мектеп оқушысы білім алады деп сенейік. Жоғары оқу орындары көбіне тек кәсіби маман даярлаумен ғана шектелуде.
Бұдан 100 жыл бұрын Алаш зиялылары қазақ мектебін қалыптастырғанда, оны ғылым тілі мен мемлекеттік тілдің негізін қалайтын білім ордасы ретінде қарастырды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған 18 кітап жазып, бұл істің іргесін қалыптастырып берді. Бұл кітаптардағы әр сөйлем отаншыл ұстанымда болғандықтан!
Қазіргі білім мен ғылым дәуірінде әлемдік бәсекеден қалмау үшін мектеп пен жоғары оқу орындарында білім берумен қатар, отаншылдық пен мемлекетшілдік ұстанымдарын да жүйелі түрде қалыптастыруымыз керек», – дейді маман.
Айгүл Ісмақова арамызда білімге, ғылымға және технологияға қызығатын жастардың көп екенін айтып, оларды қолдап, өзгелерге үлгі ету қажет екенін жеткізді.
«Біз мектептерде 100 жыл бұрын Мағжан Жұмабайдың «Мен жастарға сенемін» деп үміт еткен жастарын оқытып жүрміз. Бүгінде сол сенімді ақтап жүрген жастар баршылық!
Шын мәнінде, «Мен жастарға сенемін» деген ұстанымды әр жас өз өмірінің мақсатына айналдыруы керек.
Технологиялық жарыста елден кем қалмау үшін білімді жастардың алдында «Мен білімді не үшін алып жүрмін? Кім үшін ол білім? Еліме қандай пайда әкелемін?» деген сұрақ тұруы қажет. Мәселен, Жапонияда жастарды білім алуға ғана емес, алған білімін мемлекет игілігіне жұмсауға тәрбиелеуге ерекше мән беріледі.
Бүгін білім мен ғылымның жаһандық жарысы шапшаң түрде жүріп жатыр. Біз 12 жылдық мектепте білім алып жатқан, инженерлік, технологиялық және математикалық бағыттарды меңгеріп келе жатқан өте мықты ұрпақты көріп отырмыз. ЖИ еркін меңгерген, мектепте жүріп-ақ өз бетінше халықаралық сайт жасап, технологиялық жобалар әзірлейтін 7-8 сынып оқушылары бар. Осындай балаларды қолдап қана қоймай, оларды өзгелерге Отанға қызмет етудің заманауи үлгісі ретінде көрсетуіміз керек.
Өйткені бүгінгі таңда Отанға қызмет ету тек күреске немесе митингіге шығумен шектелмейді. Заманауи білім алып, ғылым мен технологияда жаңалық ашу, әлемдік деңгейдегі жобалар жасап, Қазақстанды таныту – Отанға қызмет етудің қазіргі заманауи мүмкіндік. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап жастарды отаншылдыққа, мемлекетшілдікке баулау аса қажет. Жас шыбықты осы бағытқа бұру керек.
Мен өз сабақтарымда мемлекет тарихындағы адал қызмет үлгісін көрсету үшін: жыраулардың Отаншыл толғауларын оқытамын.
Атақ пен шен үшін емес, елдің қамы үшін қызмет еткен Алаш саяси элитасының өкілдері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлылардың ғылыми мұрасынан үзінділерді дауыстап оқытамын. Бұл қазіргі біздерге аманат екенін түсіндіремін.
Жақсы инженер, технологиялық жаңалық ашатын мықты маман болу үшін ең алдымен отаншыл болу керек. «Мен Қазақстан азаматы ретінде ел игілігі үшін қызмет етемін, үлкен істің басында боламын» деп мектептен бастап мақсат қойған бала ғана ертең мемлекетшіл, елін әлемге танытатын азамат болып қалыптаса алады.
Мұны біз Димаш Құдайбергеннің бойынан көріп отырмыз. Ол «елім», «Отаным» деп өз өнері арқылы қазақты әлемге танытып жүр. Бұл да – бүгінгі замандағы Отанға қызмет етудің бір үлгісі деп қабылдауымыз керек.
«Бүгінгі ғылым, білім және технология жарысы – түптеп келгенде, отаншыл әрі мемлекетшіл ұрпақтың жарысы. Жастар «мықты инженер немесе қаржыгер болсам, оны кім үшін істеймін?» деген сұраққа жауап бере алуы керек. Отан үшін, Ел үшін қызмет ету түсінген адамға ең басты абырой болу керек.
Бұл тұрғыда Алаш саяси элитасының үлгісі ерекше. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары қазаққа атақ, шен немесе бас пайдасы үшін емес, ел үшін ақысыз, шенсіз қызмет етудің өнегесін көрсеткен мықтылар! Сондықтан тұлғатану дегеніміз – олардың өмірбаянын ғана оқыту емес, ғылыми еңбектерін, қоғамдық қызметін және адами болмысын жас ұрпаққа таныту. Бүгінгі жастарға бұдан артық үлгі қажет емес деп ойлаймын. Мектептен бастап жастарды осындай мемлекетшілдікке, ақысыз, әрі адал қызмет етуге бейімдесек, олар ертең өз ісінің мықты маманы болып шығады! Осындай шәкірттерім баршылық.
Біз 100 жыл бұрын өмір кешкен Алаш тұлғаларын мектепте, университетте не үшін айтамыз? Олардың Тәуелсіз Қазақстан үшін атқарған адал істерін таныту үшін оқыту қажет. Бұл қазіргі жастар үшін қажетті үлгі.
Қазір бала 12 жыл бойы білім алады, бірақ ақпараттың көптігі мен интернеттегі жылт еткен дүниелер оның назарын басқа жаққа бұрып жатады. Осындай жағдайда мектептен бастап тұлғатану бағытын күшейту маңызды. Алаш саяси элитасының әрбір өкілінің өмірі мен еңбегін жүйелі түрде оқыту арқылы жастарға нақты бағдар бере аламыз.
Қазіргі жастарға үлгі болатын тұлғалар қатарын бос қалдырмауымыз керек. Әйтпесе сол бос кеңістікті кездейсоқ танымал болған қазіргі жалт жұлт пен үстірт дүниелер толтырып жатыр. Ғылымға, білімге, мемлекетшілдікке бағыт беретін тұлғаларды мектептен бастап таныту – қазіргі уақыт талабы дер едім – дейді ол.
