Астанада адам өліп, үш баланың анасы аяғынан айырылды: құрылыс қауіпсіздігін кім бақылап отыр?
Фото: видеодан скрин
31 тамызда Астанадағы құрылыс алаңында мұнаралы кран құлап, бір жұмысшы қаза тауып, кран машинисі Ақмарал Қарабалиева оң аяғынан айырылды, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдің сөзінше, апатқа дейін кранның дұрыс бекітілмегенін басшылыққа ескерткен, бірақ жұмыс тоқтатылмаған. Зардап шегушінің айтуынша, жұмыс беруші мүгедектер арбасын алып беріп, үш айлық жалақы көлемінде өтемақы ұсынған, ал компания өкілдері КТК тілшілеріне оқиғаға қатысты түсініктеме бермеген. Бір адамның өмірін қиып, екінші адамның мүгедек болуына әкелген жағдайдан кейін елордадағы құрылыс алаңдарындағы еңбек қауіпсіздігіне бақылау қаншалықты жүргізіліп отыр деген сұрақ туындайды. 3 қыркүйекте Еңбек министрлігі Астанадағы құрылыс нысандарын тексеру туралы шешім қабылдағаны хабарланды, ал кранның нақты құлау себебін арнайы комиссия анықтап жатыр. Сондықтан тергеу қорытындысы шыққанша апатқа құрылыс компаниясын немесе Астана әкімдігін тікелей кінәлау дұрыс емес, алайда жауапты органдардан мұндай жағдайдың алдын алу үшін қандай бақылау жүргізілгенін сұрауға негіз бар.
Видео: @pikirmedia.kz
