Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 21 қыркүйек 2026 $ 447,2 513,7 5,32
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Геннадий Головкин Моңғолия ҰОК басшысымен маңызды келісімге қол қойды Шикізат ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс: Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі болашағы Риддерде жолды қазып, жөндеусіз қалдырған: тұрғындар шұңқырларға шағымданды «Су жоқ, ағаштар қурап жатыр»: Балқаштағы саябақтың жағдайы тұрғындарды алаңдатты «Бәрін күтуге болады»: Айсәуле Бақытбек анасының тағы бала тууы мүмкін екенін айтты Таудағы тосын кездесу: Алматыда туристер қар барысын кезіктірді Геннадий Головкин Моңғолия ҰОК басшысымен маңызды келісімге қол қойды Шикізат ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс: Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі болашағы Риддерде жолды қазып, жөндеусіз қалдырған: тұрғындар шұңқырларға шағымданды «Су жоқ, ағаштар қурап жатыр»: Балқаштағы саябақтың жағдайы тұрғындарды алаңдатты «Бәрін күтуге болады»: Айсәуле Бақытбек анасының тағы бала тууы мүмкін екенін айтты Таудағы тосын кездесу: Алматыда туристер қар барысын кезіктірді

    Шикізат ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс: Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі болашағы

    Шикізат ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс: Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі болашағы

    Фото: Егемен Қазақстан

    Қазақстанның мыс өнеркәсібін дамытуда кен өндіру мен концентрат экспортынан бөлек, металлургиялық өңдеу мен дайын өнім шығаруға басымдық беру қажет. Бұл пікірді Ph.D. докторы, О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасының профессоры Өмірсерік Байгенженов білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    Сарапшы Қазақстан Президентінің 2025 жылғы Жолдауында тау-кен металлургия кешенінің ел экономикасындағы үлесі шамамен 8%-ды құрайтыны айтылғанын еске салды. Сонымен қатар салада жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісін арттыру есебінен айтарлықтай өсу мүмкіндігі бар екені атап өтілген.

    Өмірсерік Байгенженовтің пікірінше, бұл міндет ең алдымен мыс саласы үшін ерекше маңызға ие.

    «Қазақстанның айтарлықтай шикізат базасы және ірі заманауи тау-кен байыту кәсіпорындары бар. Алайда соңғы онжылдықтарда кен өндіру мен байытудың дамуы және металлургиялық өңдеу арасында белгілі бір теңгерімсіздік қалыптасты. Балқаш мыс балқыту зауыты алғашқы қара мысты 1938 жылы алды, ал Жезқазған мыс балқыту зауыты 1971 жылы пайдалануға берілді. Әрине, өткен уақыт ішінде кәсіпорындар бірнеше рет жаңғыртылды. Дегенмен жаңа заманауи металлургиялық қуаттарды құру қажеттілігі барған сайын айқын болып отыр», – дейді Өмірсерік Байгенженов.

    Профессор мыс кені мен концентраты экспортының көлеміне де назар аударды. Оның келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан шетелге шамамен 1,42 млн тонна мыс кені мен концентратын шығарған. Бұл көлемдегі шикізаттың кейінгі металлургиялық өңдеу кезеңдері ел аумағынан тыс жерде жүзеге асырылады.

    Өмірсерік Байгенженов мыс концентраты өндірістік тізбектің соңғы өнімі емес екенін атап өтті. Керісінше, одан кейін бірнеше күрделі металлургиялық кезең жалғасады.

    «Мыс концентраты – түпкілікті өнім емес. Байытудан кейін шихтаны дайындау, балқыту, конвертерлеу, оттық және электролиттік тазарту сияқты тұтас металлургиялық өңдеу тізбегі жүреді. Кешенді шикізатты өңдеу кезінде алтын, күміс және басқа да бағалы компоненттер алынады, ал құрамында күкірт бар газдарды күкірт қышқылын өндіру үшін пайдалануға болады. Сондықтан концентратты экспорттау арқылы мемлекет қосылған құн қалыптастыратын кейінгі технологиялық тізбектің бір бөлігін де шетелге беріп отыр», – дейді сарапшы.

    Осыған байланысты маман Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын салу бастамасын қазақстандық металлургияны дамытудағы маңызды қадамдардың бірі деп санайды.

    Үкімет бекіткен инвестициялық келісімге сәйкес, жоба аясында 750 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тарту қарастырылған. Зауыттың құрылысын 2027 жылы бастап, 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Жобаның өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс шығаруға есептелген. Сонымен бірге кәсіпорында жыл сайын 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіру көзделген. Жоба іске асқан жағдайда шамамен 1,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

    Дегенмен Өмірсерік Байгенженовтің пікірінше, Қазақстанның мақсаты тек катодты мыс көлемін арттырумен шектелмеуі керек. Өйткені катодты мыс та өндірістік тізбектің келесі сатылары үшін бастапқы материал бола алады.

    «Катодты мыс – терең металлургиялық өңдеуден өткен өнім. Бірақ ол да өнеркәсіптік тізбектің келесі деңгейіне арналған шикізат бола алады. Катанка, сым, кабель-өткізгіш өнімдері, мыс құбырлары, фольга, қорытпалар, электротехникалық бұйымдар мен машина жасауға арналған компоненттер тазартылған мыстан кейін де қосымша құн қалыптастырады. Сондықтан Қазақстан үшін оңтайлы тізбек: кен → концентрат → қара мыс → анодты мыс → катодты мыс → прокат пен қорытпалар. Осы тізбектің экономикалық тұрғыдан тиімді буындары ел ішінде неғұрлым көп орналасса, Қазақстан соғұрлым үлкен технологиялық және экономикалық әсер алады», – деді ол.

    Сарапшы металлургиялық өндірісте шикізатты кешенді игеру қағидаты да негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, заманауи кәсіпорын жұмысының нәтижесін тек өндірілген мыс көлемімен бағалау жеткіліксіз.

    Бұл ретте шикізат құрамындағы бағалы компоненттерді барынша толық алу, аралық өнімдерді қайта өңдеу, шлак және өзге де қалдықтармен бірге жоғалатын металдардың көлемін азайту, қайталама ресурстарды тиімді пайдалану, сондай-ақ материалдық және энергетикалық шығындарды қысқарту маңызды.

    Үкіметтің мәліметінше, Балқаштағы жаңа мыс балқыту жобасының жүзеге асуы Қазақстандағы мыс өндірісінің көлемін жылына 800 мың тоннадан астам деңгейге дейін арттыруы мүмкін.

    Өмірсерік Байгенженов бұл көрсеткіш саланың ауқымын ұлғайтып қана қоймай, мыс өнеркәсібінің қазіргі даму моделін қайта қарауға мүмкіндік беретінін айтады.

    «Қазақстан минералдық-шикізат базасының өсуі автоматты түрде шикізат пен концентрат экспортының артуына алып келетін модельден біртіндеп кетуі керек. Кен өндіру көлемінің ұлғаюы байыту өндірісінің, металлургияның, металдарды терең өңдеудің, отандық машина жасау мен материалтанудың дамуымен қатар жүруі қажет», – дейді профессор.

    Ғалымның сөзінше, Қазақстанның мұндай модельге көшуіне қажетті базалық мүмкіндіктер жеткілікті. Елде ірі шикізат қоры, металлургия саласындағы қалыптасқан ғылыми мектеп, білікті инженерлік және ғылыми кадрлар, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы жинақталған өндірістік тәжірибе бар.

    Сондықтан алдағы міндет шикізатты сыртқы нарыққа шығарылатын ресурс ретінде ғана қарастырмай, оны жаңа технологиялар мен заманауи өндірістерді дамытуға, білікті жұмыс орындарын ашуға және ел ішінде жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге пайдалану болмақ.

    «Ендігі міндет – шикізатты тек экспорттың негізі емес, жаңа технологиялардың, заманауи өндірістердің, білікті жұмыс орындарының және Қазақстанның өз ішінде жоғары қосылған құн қалыптастыратын өнімдердің негізіне айналдыру», – деп қорытындылады Өмірсерік Байгенженов.

    Айта кетейік, Өмірсерік Байгенженов 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болған. Сондай-ақ ол 2020 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері. Ғалымның Хирш индексі – 20, рецензияланатын ғылыми басылымдарда 50 еңбегі жарық көрген.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →