«Иншалла, бәрі жақсы болады»: Нұрсұлтан Жақсыген жазба жариялады
Фото: видеодан скрин
Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне қатысты сот үкімі шыққан күні әлеуметтік желіде оқырмандарына үндеу жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Ол TikTok парақшасында өзін қолдап, дұға тілеп жатқан жандарға алғыс білдірді. Актер бұл жағдайдың уақытша екенін айтып, қайта оралатынын жазған.
«Бәрі уақытша, балапандарым. Алла қаласа, күшті болып ораламын! Жақсы көремін сендерді. Бұл да өткінші нәрсе, дұғаларыңызға ризамын. Иншалла, бәрі жақсы болады. Алла осылай қаласа, бір қайыр бар», – деп жазды Нұрсұлтан Жақсыген.
Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни масс-медиа, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот актерді 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Ол сот залында қамауға алынды. Сонымен қатар Жақсыгенге 5 жыл бойы журналистік, блогерлік және көпшілікке ақпарат таратуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушіге 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім де қабылданды.
Іс актердің бұрынғы азаматтық жұбайымен арасындағы жанжалдан кейін қозғалған. Сот Жақсыген әлеуметтік желіде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқан деген қорытындыға келген.
Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Жақсыгеннің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев сот шешімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Қорғау тарапы даулы әлеуметтік желідегі парақшалардың актерге тиесілі екенін анықтау үшін қосымша сараптама жүргізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
