Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты
Фото: видеодан скрин
Бүгін Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Үкім жарияланғаннан соң актер сот залында қамауға алынып отыр.
Бұл туралы жәбірленуші, актердің экс-әйелі Фариза Алмасқызы әлеуметтік желідегі жария етті.
Ақпаратқа сай, актер жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтемек.
– Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деді Фариза Алмасқызы.
Іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралған. Бұл норма онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.
Жаза кетейік, мемлекеттік айыптаушы осыған дейін актерді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сот жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасынаң 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеп отыр.
