Алматы облысында шатқалда адасқан тоғыз адам тікұшақпен құтқарылды
Алматы облысындағы Известковое шатқалында адасқан тоғыз адам тікұшақпен құтқарылды. Топтың екеуі мұғалім, жетеуі оқушы болды.
Сурет: Видеодан скриншот
Алматы облысындағы шатқалда тоғыз адам адасып кетті. Оның екеуі — мұғалім, жетеуі — оқушы. Құтқарушылар оларды тікұшақпен іздеп тапты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қарасай ауданындағы Известковое шатқалында адасқан тоғыз адамнан тұратын топты іздеу жұмыстары жүргізілді.
Оқиға орнында ТЖД жедел штабы ұйымдастырылды. Іздеу-құтқару жұмыстарына Алматы облысы ТЖД, ТЖМ Республикалық «Барыс» құтқару қызметінің құтқарушылары, полиция және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер қатысты.
Жергілікті жерді барлау үшін жылу түсіргіші бар ұшқышсыз ұшу аппараты және тікұшақ қолданылды.
«Таңертең топ тікұшақтан әуеден байқалды. Құтқарушылар оларға жетіп, қауіпсіз жерге – автотұраққа дейін алып шықты», — делінген хабарламада.
Оқушылар ата-аналарына тапсырылды. Медициналық көмек қажет болған жоқ.
