Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында әскери техника қозғалысы байқалады
Қорғаныс министрлігі Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында әскери техника қозғалысы болатынын ескертті. Бұл ҰҚШҰ-ның «Шеп-2026» оқу-жаттығуына байланысты.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігі ел тұрғындарына алдағы күндері Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының аумағында әскери техниканың қозғалысы болатынын ескертті. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Шеп-2026» бірлескен оқу-жаттығуына байланысты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, аталған оқу-жаттығу 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында өтеді. Оған дайындық және оны өткізу кезеңінде, яғни 7-30 қыркүйек аралығында аталған аймақтарда әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады.
Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады. Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес жүргізіледі.
Ведомство өкілдері «Шеп» оқу-жаттығуы Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтетінін атап өтті.
«Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуды сұраймыз. Жалған ақпаратты тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз», – делінген хабарламада.
