Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 5 қыркүйек 2026 $ 455,8 529,4 5,31
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СҚО элеваторында екі жұмысшы механизмнен жарақат алды

    СҚО элеваторында астық кептіру кезінде екі жұмысшы механизмнен жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

    СҚО элеваторында екі жұмысшы механизмнен жарақат алды

    Сурет: istockphoto

    Солтүстік Қазақстан облысындағы элеваторда астық кептіру кезінде екі жұмысшы айналып тұрған механизмнен жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 3 қыркүйек күні сағат 16:00 шамасында Дубровное ауылындағы «Агрофирма Мамлютская» ЖШС элеваторында болған. Жұмысшылар астық кептіргіш қондырғысында жұмыс істеп, дәннің кептіргішке үздіксіз берілуін бақылаған.

    Жұмыс барысында қондырғының жоғарғы бөлігінде жүрген слесарьдің шалбарының балағы білікке ілініп кеткен. Соның салдарынан киімі оралып, жұмысшы сол жақ аяғынан ашық сынық алған. Оған көмек көрсетуге тырысқан әріптесінің де қолы механизмге түсіп, оң жақ білегі сынып қалған.

    Оқиғаны көрген өзге жұмысшылар дереу қондырғының электр қуатын өшіріп, механизмді тоқтатқан. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылған. Ауыр жарақат алған екі жұмысшы да медициналық мекемеге жеткізілген.

    Бұл оқиғаны ведомство бақылауға алып, нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →