Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев ШЫҰ саммитінде кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев ШЫҰ саммитінде кездесіп, Құрылтай сайлауының нәтижелері мен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Фото: akorda.kz
Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан басшысына елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар мен тұңғыш рет өткен бір палаталы Құрылтай сайлауының қорытындысы туралы баяндады. Мемлекет басшысы бұл тарихи оқиға елдің саяси өміріндегі жан-жақты жаңғыру жолындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

Президент Құрылтай сайлауының сәтті өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі және Әзірбайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты. «Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзірбайжан Парламенті – Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын. Мемлекетаралық қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді. Өзара ықпалдастыққа қатысты негізгі мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын. Осы орайдағы байланыстарға көңіл толады. Бұл жетістіктің негізгі қозғаушы күші – мемлекеттер басшыларының ерік-жігері екені сөзсіз», – деді Президент.
Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен маңызына тоқталып, елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. «Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді», – деді Ильхам Әлиев.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қарастырылды. Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және «ШЫҰ+» форматындағы кездесуге қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды. Еске салсақ, Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, Түркияға шақырған еді.
