Қазақстандық Бекасыл Асамбек жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс алды
Қазақстандық Бекасыл Асамбек жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс, ал Ұлдана Тілеухан қола медаль жеңіп алды.
Сурет: turkystan.kz
Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек (61 келі) финалда америкалық Аарон Джеймс Сейделюге 0:7 есебімен жол беріп, күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Бекасыл жарысты өте сенімді бастады. Ол қытайлық Анчао Луды, украиналық Артем Теснохузды және ресейлік Зелимхан Чаниевті бірдей 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда қазақстандық балуан жапониялық Ицуки Йонаширомен белдесіп, 3:1 есебімен басым түсті. Алайда финалда америкалық қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ бүгін 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының өкілі Ұлдана Тілеухан қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін белдесуде украиналық Александра Рыбакты 4:2 есебімен жеңді. Бұған дейін Қазақстан қоржынына Братиславадағы жарыстың алғашқы алтын медалін 67 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінің өкілі Қызыбек Қалмағамбетов салған еді.
Словакия астанасында өтіп жатқан әлем біріншілігіне 700-ге жуық жас спортшы қатысып жатыр. Олар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медальді сарапқа салуда. Қазақстан атынан жарысқа 30 спортшы қатысуда, оның 20-сы – ерлер, 10-ы – қыздар. Турнир 23 тамызда аяқталады.
