Қазақстандағы автолизинг бағдарламасы: мәселелер мен перспективалар
Қазақстандағы автолизинг бағдарламасының мәселелері мен перспективалары: сарапшылар пікірі, пайыздық мөлшерлемелер, мемлекеттік реттеу және нарықтық жағдай талданады.
Сурет: egemen.kz
Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қоғамда кеңінен талқылануда. Бірақ үкімет пен сарапшылардың бұл мәселеге көзқарасы екіге жарылып отыр. Билік заңнамалық база жеткілікті деп есептесе, сарапшылар бағдарламаның әлсіз тұстарын, атап айтқанда бірыңғай талаптар мен әділ стандарттардың жоқтығын алға тартады. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Еліміздегі базалық пайыздық мөлшерлеме шетелге қарағанда айтарлықтай жоғары. Сондықтан банктер мен лизинг компаниялары қаржыны қымбатқа алуға мәжбүр. Әлемдік брендтер өздерінің қаржылық ұйымдары арқылы жеңілдіктер жасаса, бізде бұл жүйе әлі толық қалыптаспаған.
2025 жылдың соңында іске қосылған бағдарлама экономикалық себептерге байланысты кең өріс ала алмады. Мемлекет басшысының бақылауындағы бұл жобаға бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз. Үкіметтің мәлімдеуінше, отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыруды жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік алуға лизинг тетігі енгізіледі, бұл азаматтардың «темір тұлпарлы» болу мүмкіндігін кеңейтеді.
Лизинг өз табиғаты бойынша квазимемлекеттік сектор функцияларына емес, мүлікті сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін классикалық қаржылық құралға жатады. Бұл үдеріс кәсіпорындарға қаражатты бірден төлемей, қажетті жабдық пен техниканы кезең-кезеңімен сатып алуға мүмкіндік береді. Квазисектордағы артықшылық – мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген бағдарламалар арқылы бизнеске құрал-жабдық пен техниканы қолжетімді бағамен алуға көмектеседі.
Белгілі қаржыгер Талап Рахмановтың пікірінше, бұл сала өте күрделі. Ішкі жалпы өнімдегі лизингтік келісімшарттардың үлесі небәрі 1 пайызды құрайды. Салыстырсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 4,7 пайыз. Беларусьте лизингтік сектор ұлттық банк тарапынан реттеледі. Біздегі ауыл шаруашылығы мен арнайы техникалар нарығында Ресей мен Беларусь өнімдерінің үлесі басым. Бұл бірнеше экономикалық және сауда-саттық факторларға байланысты. Батыс немесе Азия елдерінің брендімен шығатын ауыл шаруашылығы техникалары қымбат, ал Ресей мен Беларусь өнімдері бюджеттік сегментке арналған және отандық фермерлердің қалтасына қолайлы. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында кедендік баж салығының болмауы немесе төмен болуы техниканы шекарадан жылдам әрі арзан өткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, еліміздің лизинг нарығына кәсіби талдамалар жетіспейді. Соған қарамастан, Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы жақын арада іске қосылатынын мәлімдеді. Министрдің сөзінше, бағдарлама қанатқақты режімде сынақтан өткен. Барлық ұсыныс пен ескерту жиналды. Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2026 жылдың 24 тамызына дейін көпшілік талқылауында болады. Қанатқақты режімдегі олқылықтар түзетілген соң бағдарлама қайта іске қосылады. Жаңа нормаларға сәйкес автокөлік белгіленген бағамен берілуге тиіс, шарттың ең ұзақ мерзімі 84 айды құрайды. Ал айыппұлдар мен өсімпұлдар мерзімі өткен берешек сомасының 10%-ынан аспайды.

Сыйақының, басқа да төлемдердің жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктелді. Министрлік жеке тұлғаларға берілетін қаржылық лизинг шарттарына сәйкес жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті өлшемдері мен басқа да қосымша төлемдер тізбесін нақтылауды жоспарлап отыр. Назар лизинг берушінің есептелген сыйақыдан жоғары мөлшерлеме қоюына тыйым салу, шартқа қосуға рұқсат етілген басқа да қосымша төлемдердің нақты тізбесін бекітуге бағытталмақ.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев автолизинг жұмысына заңнама тұрғысынан ешқандай кедергілер болмағанын, проблема экономикалық мәселелерге байланысты екенін ашық жеткізді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама, соның ішінде Азаматтық кодекс автолизинг тетігін пайдалануға мүмкіндік береді, сондықтан заңдарды өзгертудің қажеті жоқ.
Қазақстан Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламановтың айтуынша, бизнестегі жүйелі әкімшілік кедергілер мен бақылаушы органдардың негізсіз талаптары толық шешілуі керек. Өйткені мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерді қолдаудан гөрі айыппұл салу мен жауапкершілікке тарту шаралары жиілей түскен. Рәсімдерді жеңілдету туралы айтылғанымен, кәсіпорындар күнделікті жұмыста бюрократиялық кедергілер мен қатаң санкцияларға тап болып жатыр. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін тек қағаз жүзіндегі емес, нақты өндіріс орындарына жағдай жасайтын түбегейлі өзгерістер қажет. Заңнамада көлікті жалға алған жеке тұлға оны басқару кезінде жол ережесін бұзса, айыппұл лизинг компаниясының атына тіркелетіні жазылған. Төленбей қалған жағдайда компанияның шоттары бұғатталып, жұмысы тоқтайды. Яғни бір ғана жүргізушінің кесірі мыңға тиеді. Қазір Үкімет осы проблеманы шешу жолдарын тағы бір пысықтап алды.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, бағдарламаның негізгі кемшілігі – қымбаттығы. Шарттары көпшілік үшін ауыр. Жеке тұлғаларға арналған жаңа лизинг ережелеріне сәйкес 20 млн теңгеге дейінгі көліктерге – 36%-ға дейін, ал 20 млн теңгеден асқан көліктерге 46%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесінің жоғарғы шегі ұсынылған. Бағдарлама іске қосылғалы бері бар болғаны бір ғана лизингтік мәміле жасалған, ал бірқатар банк жобаны толыққанды енгізуге әлі кіріспеген. Біздің елде лизинг нарығын көбіне банктер мен олардың еншілес компаниялары басқарады. Банктер лизингті стандартты кредит ретінде қарастырады. Өндірушінің қолдауы аздығынан зауыттар жанындағы арзан жеңілдік бағдарламалары шектеулі. Бұл қызмет құнын қымбаттатады, себебі банктердің қаржыландыру тәсілі мен пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Сонымен қатар автоөндірушілердің өздеріне тән арнайы қаржы ұйымдары да әлі толық дамымаған. Көлік толық төленгенге дейін лизинг компаниясының меншігінде қалатындықтан салық, сақтандыру мен айыппұлдардың заңдылықтары, талаптары клиентке ауыр тиеді. Сарапшылардың айтуынша, жоғары пайыздық мөлшерлеме бағдарламаны халықтық мүмкіндігінен алыстатып жіберді. Лизингтің жоғары пайызы қарапайым адам үшін тиімсіз болып отыр. Оның классикалық несиеден артықшылығы болмаса, сұраныс артпайды. Бұл бағыт жаңа болғандықтан нормативтік-құқықтық базаны халықтың мүмкіндігіне сай етіп жетілдіру қажет. Бірінші кезекте мөлшерлеме классикалық несиеден төмен болып, шарттар халықтың табысына сай келуі шарт.
Алексей Алексеевтің айтуынша, Үкіметтің лизинг нарығына жеңілдетілген бағдарлама арқылы кіруі – нарық заңына қайшы болса да дұрыс қадам. Бағдарлама жалғасса, зауыттар өнім түрлерін көбейтеді, ұсақ шаруаларда да жерді өңдеуге арналған шағын техникалар пайда болады. Мысалы, Қытайда немесе Англияда шағын ғана трактормен жекеменшігіндегі 10 сотық жерін өңдеп, бау-бақшасын күтіп-баптап, жақсы өмір сүріп отырғандар бар. Нарықтық құны 1-3 мың доллардан аспайтын техниканы бізде де құрастыруға болады. Сарапшының айтуынша, халықтық маңызы бар бағдарламалар ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамаларында заң формасы ретінде қалыптасуы керек.
Нарықтық жағдайда стандартты лизинг пен бизнес несиелерінің пайызы шамамен бірдей деңгейде (19-24%) қалыптасады. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 20%-ға төмендесе, лизинг компаниясының нақты пайыздық мөлшерлемесі автоматты түрде бірден сол деңгейге төмендемейді. Оның өзгеруі лизинг шартындағы формулаға, көрсеткіштің түрлену шарттарына, тараптардың келісіміне байланысты пропорционалды немесе кезең-кезеңімен реттеледі. А.Алексеевтің пікірінше, баға саясатында нақтылық жетпей жатыр. Базалық мөлшерлеме мен маржа формуласы шартта нақты жазылып, төмендеу тек өзгермелі мөлшерлеме қолданылған жағдайда ғана жүзеге асуға тиіс. Шартта мөлшерлеменің ең төменгі шегі көрсетілсе, ол белгіленген деңгейден төмен түспейді. Қазіргі ұсынылған автолизингтің іс жүзінде автонесиеден айырмашылығы аз. Жеке тұлғаларға арналған қазіргі автолизинг шарттары мен ай сайынғы төлем жүйесі көбінесе қарапайым автонесиеге ұқсап кетті. Кейбір реттеуші талаптар мен қатаң шектеулер салдарынан лизинг толыққанды бөлек қаржы құрал бола алмады. «Дамыған нарықтарда автокөліктердің 40%-ы лизингке сатып алынады. Халық оның артықшылықтарын көріп, оның шынымен де тиімді екеніне көз жеткізсе, елімізде автолизингтің танымалдылығы біртіндеп өседі. Лизингті арзандату үшін мемлекеттік бюджеттен субсидия немесе салық жеңілдіктері қарастырылмаған», дейді А.Алексеев.
Нарықтағы арзан қаржы көздерінің жоқтығы мен жоғары базалық мөлшерлеме лизингтің түпкі құнын қымбаттатып жіберді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі лизинг нарығын қаржыландыру құнын арзандатады деген үміт бар. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары доллардың біркелкі нығаюын, инфляцияның төмендеуін, ақша-кредит саясатының одан әрі жеңілдететінін айтып отыр. Бұл өз кезегінде лизингтік операцияларға сұраныстың артуына, нарықтың жандануына оң әсер етеді, дейді сарапшылар.
