Алматыда жарық сөнгенде тұрғындар жол қозғалысын өздігінен реттеді
Алматыда жарық сөнген кезде тұрғындар жол қозғалысын өздігінен реттеді. Полиция мұндай әрекеттердің қауіпті екенін ескертті. Электр қуаты толық қалпына келтірілді.
Сурет: newtimes.kz
14 тамызда Алматыда болған жаппай электр жарығының сөнуі барысында қала тұрғындары кейбір қиылыстарда көлік ағынын өз бетінше реттеуге тырысты. Бұл туралы NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап, Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Наурызбай батыр мен Шевченко көшелерінің қиылысында болған оқиғаға куәгерлердің айтуынша, бір жас жігіт шамамен бір сағаттай уақыт бойы қозғалысты реттеп, көлік жүргізушілерінің оның нұсқауларын орындауының арқасында кептелісті азайтуға мүмкіндік алған.

Жас жігіт жолға шыққанға дейін қиылыста көліктер ретсіз қозғалып, жүргізушілер бір-біріне дыбыстық белгі беріп, қозғалыс толықтай дерлік тоқтаған көрінеді.
Полиция тұрғындарды жолға шығып, қозғалысты өздігінен реттеуге тырысу қауіпті болуы мүмкін екенін ескертіп, мұндай әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Айта кетейік, 14 тамызда Алматы қаласы мен Алматы облысында тұтынушылардың электр қуаты үзілген болатын. Себеп — 500 кВ кернеулі әуе электр желілерінің авариялық ажыратылуы. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
