Қазақстандағы ресейлік туристер қымыздан аллергиялық реакцияға ұшырады
Қазақстанда екі ресейлік турист қымыз ішкеннен кейін ауыр аллергиялық реакцияға тап болды. Ренатаның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртылды. Дәрігерлер Квинке ісінуін тоқтатты.
Сурет: turkystan.kz
Қазақстанға келген екі ресейлік турист қымыз ішкеннен кейін ауыр аллергиялық реакцияға тап болды. Бұл оқиға Baza Telegram-арнасында хабарланды, деп жазады turkystan.kz.
Ярослава мен Рената атты апалы-сіңлілер ұлттық сусыннан бірнеше жұтым ішкен соң, көп ұзамай өздерін жайсыз сезінген. Олардың беттері ісініп, тамақтары ауырып, тыныс алулары қиындаған.
Қыздар алдымен жақын маңдағы дәріханаға барып, аллергияға қарсы дәрі қабылдаған. Біраз уақыттан кейін Ярославаның жағдайы жақсарғанымен, Ренатаның денсаулығы керісінше нашарлай түскен.
Оның денесінде бөртпе пайда болып, тыныс алуы қиындаған соң, куәгерлер жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер туристке дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, Квинке ісінуіне тән белгілерді асқындырмай тоқтатқан.
Апалы-сіңлілердің айтуынша, мамандар оларға бірнеше күн бойы антигистаминдік дәрілер қабылдауды ұсынған.
Бұған дейін қыздарда басқа ашытылған сүт өнімдеріне мұндай реакция байқалмағаны айтылады.
