Алматыда екі блогер әдепсіз видео үшін қамауға алынды
Алматыда екі блогер әлеуметтік желіде әдепсіз видео жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Полиция блогерлерді сөз мәдениетін сақтауға шақырды.
Сурет: alash.kz
Алматыда екі блогер әлеуметтік желідегі контенті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Олардың видеоларын полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтаған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жарияланған материалдарда әдепсіз мазмұн мен балағат сөздер болған.
Қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаев блогерлерге, стримерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасап, тікелей эфир, сторис пен рилс кезінде сөз мәдениетіне мән беруге шақырды.

Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі парақшалар мен жарияланымдар да қоғамдық кеңістік ретінде қарастырылады. Сондықтан онда жарияланған контент пен айтылған сөздер үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған.
«Әлеуметтік желі қолданушылары жариялаған материалдары мен айтқан сөздері үшін әкімшілік қамауға дейін жауапкершілік көзделетінін түсінуі керек», – деді Тимур Ногайбаев.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде контент жариялау кезінде қолданыстағы заң талаптарын сақтауға шақырды.
