Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 8 тамыз 2026 $ 469,2 540,7 5,65
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Астанада кофейня маңында адамдар легі: полиция тексеру жүргізді

    Астанада кофейня маңындағы үлкен кезек полиция тексеруіне себеп болды. Акция ұйымдастырушысына қатысты шара қолданылды.

    Астанада кофейня маңында адамдар легі: полиция тексеру жүргізді

    Сурет: tengrinews.kz

    Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде кофейнялардың біріндегі әбігердің бейнежазбаларымен бөлісуде. Себеп — мекеменің қазақстандық косметика брендімен бірлескен акциясы болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    7 тамызда елордалық әйелдер акциялық сусын сатып алып, сыйлыққа ерінге арналған мини-жылтырақ алу үшін үлкен кезекке тұрды. Ұйымдастырушылар арнайы сусын сатып алған әрбір тұтынушыға сыйлық табысталатынын уәде еткен.

    Әлеуметтік желілерде астанадағы ұзын-сонар кезектердің ондаған фотосуреттері мен бейнежазбалары пайда болды. Кадрларда жүздеген адамның танымал кофейнялардың бірінің жанында кезек күтіп тұрғаны көрінеді.

    Кейінірек әлеуметтік желілерде кофейня маңында полиция қызметкерлерінің пайда болғанын көрсететін жаңа бейнежазбалар тарады. Кадрларда олардың бірнеше келуші әйелдермен сөйлесіп тұрғаны да байқалады.

    Qazaqtoday.info редакциясы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сұрау жолдады. Онда Түркістан көшесінде адамдардың көп жиналуына байланысты тексеру жүргізілгені хабарланды. Тексеру нәтижесінде кезек кәсіпкерлер ұйымдастырған акцияға байланысты пайда болғаны анықталды.

    Елордалық полицияның мәліметінше, іс-шара барысында қоғамдық тәртіптің бұзылу фактілері тіркелмеген. Алайда акцияны ұйымдастырушыға қатысты бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес шара қолданылды.

    Астана қалалық полиция департаменті адамдардың көп жиналуына әкелуі мүмкін іс-шараларды өткізу әкімдікпен алдын ала келісуді қажет ететінін еске салды.

    Бұған дейін Павлодардағы емханаға кіре берісте науқастар арасында аласапыран болған еді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →