Атырауда балабақша тәрбиешісі 1 жасар балаға күш көрсеткен
Фото: видеодан скрин
Атырауда жекеменшік балабақша тәрбиешісінің бүлдіршінге күш қолданғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Баланың ата-анасының айтуынша, бүлдіршін жекеменшік балабақшаға небәрі бес күн барған. Алғашында оның мазасыздануын бейімделу кезеңімен байланыстырған. Алайда кейін баласының құлағынан қан ағып, иығында тістелген із барын байқап, балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбасын қараған. Бейнежазбада тәрбиешінің баланы қолынан сүйреп, жұлқылап, күштеп ұйықтатуға әрекеттенгені көрінеді. Кішкентайдың анасы мұндай әрекеттер бірнеше күн бойы қайталанғанын айтады.
– Дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері төрт күн бойы баламды қорлаған. Көргенімді айтып жеткізе алмаймын. Бала ұйықтамаса, қолын жауып тастайды. Көрпені алып, үстінен басып тұрады. Шайқаған кезде лақтырып жібереді. Бала екі бетімен құлайды. Қайтадан тәрбиешінің етегіне жармасады. Тамақ ішкісі келсе, оны да бермейді, – деді баланың анасы Жазира Ғабиден.
Баланың жақындарының айтуынша, тәрбиеші бұған дейін де істі болған. Дегенмен бұдан балабақша басшылығы хабарсыз. Оқиға болған жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы үш ай бұрын ашылған. Қазір мұнда 24 бала тәрбиеленеді.
Балабақша құрылтайшысы Нағима Аманқосова бұл жағдайдың алғаш рет тіркелгенін айтып, ата-анадан кешірім сұрады.
– Біз мұны білген жоқпыз. Бұл жағдайды ата-анасымен бірге білдік. Тәрбиешінің үйіне барып сөйлестік, бірақ ол нақты жауап бере алмады. Баланы толық медициналық тексеруден өткізуге көмектесуге дайын екенімізді ата-анасына хабарладық, – деді балабақша құрылтайшысы.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Аталған оқиға бойынша кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Баланың ата-анасы кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, мұндай жағдайдың өзге балаларға қайталанбауы үшін оқиғаға жан-жақты құқықтық баға берілуі қажет.
