Оралдықтар «Халық Қаһарманы» Иван Гапичті ақтық сапарға шығарып салды
Орал қаласында Қазақстанның «Халық Қаһарманы», Ұлы Отан соғысының ардагері және прокуратура органдарының ардагері Иван Степанович Гапичті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Қоштасу рәсіміне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жақындары мен қала тұрғындары қатысты.
Бас Прокурор Берік Асыловтың атынан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеткізілді. Ғалымжан Қойгелдиев Иван Гапичтің есімі ел тарихында ерлік пен Отанға адал қызмет етудің символы ретінде сақталатынын атап өтті.
Иван Степанович Ұлы Отан соғысы жылдарында Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысып, ерлігімен танылды. Ол соғыстан кейін де елге қызмет етіп, прокуратура органдарында жоғары лауазымдар атқарды. Қарағанды қаласының Сталин ауданы прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметтерінде болды. Сондай-ақ республика прокуратурасының орталық аппаратында аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болып еңбек етті.
1966 жылы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, осы салада жиырма жылға жуық қызмет атқарды.
Иван Гапич Жеңістің екі тарихи шеруіне – 1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы шерулерге қатысқан. Оның өмір жолы мен кәсіби еңбегі прокуратура қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болды.
«Халық Қаһарманы» Иван Степанович Гапичтің жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталады.
