Санжар Тәшкенбайға қатысты жағымсыз жаңалық шықты
Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбай қыркүйекте Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатыса алмайды. Бокс бағдарламасында Санжар өнер көрсететін салмақ қарастырылмаған, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
1bol.kz мәліметінше, Азия ойындарының ерлер бағдарламасында небәрі алты салмақ дәрежесі қарастырылған, ең жеңілі 55 келіден басталады. Ал, Санжар Тәшкенбай 50 келіде жұдырықтасады.
«Олимпиадалық бағдарламаға 50 келіні қоспау туралы шешім Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымының бірлескен шешімі. Азия құрлығында жеңіл салмақ боксшылары арасында бәсекелестіктің жоғары екенін ескерсек, бұл елдердің федерациялары 50 келіні жарыс бағдарламасына қосу мәселесін әлі де ұсынып келеді. Дегенмен, нақты шешім қабылданған жоқ», — деп мәлімдеді Қазақстан бокс федерациясы Tengri Sport тілшісіне берген жауабында.
Демек, Санжар Тәшкенбай 55 келіге көтерілмесе 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына баруы да екіталай. Ал, 55 келіде қазір ұлттық құрамада Махмұд Сабырхан мен Сәкен Бибосынов өнер көрсетеді.
Жазғы Азия ойындары биыл қыркүйектің 19-на басталып, 4 қазанда аяқталады.
