Наташа Қалымбетованың анасы дүниеден өтті
Наташа Қалымбетованың анасы 27 шілдеде қайтыс болды. Наташа 32 жыл бұрын топтық зорлықтың құрбаны болған әйел, ол кінәлілердің жазалануын талап етеді.
Сурет: ult.kz
27 шілдеде Наташа Қалымбетованың анасы өмірден өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Бұл туралы НемолчиKZ қоры мәлімдеді. «Біз оның бұл ауыр қазаны қаншалықты қиын қабылдап жатқанын білеміз және барынша қолдау білдіргіміз келеді», – делінген хабарламада.
Наташа тікелей эфирде жүректі сыздатқан сөздер айтты. Ол марқұм анасына арнап: «Саған еш кінәң жоқ екенін дәлелдегім келді. Екеуміз сол ауылға бірге барып, барлығына кінәлілердің жазаланғанын, әділдік бар екенін көрсеткім келді. Бірақ үлгермедім», – деді.
Наташа Қалымбетова – 32 жыл бұрын топтық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қазақстандық әйел. 2026 жылы ол әлеуметтік желіде өз оқиғасын алғаш рет ашық айтып, қоғамда үлкен назар аударды. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысының полициясы қылмыстық іс қозғап, көп жыл бойы жабық қалған оқиғаны қайта тергеуге кірісті.
Наташаның айтуынша, 1994 жылы 17 жасында ауылдағы кештен қайтып келе жатқанда төрт ер адам оны күштеп әкетіп, зорлаған. Оқиғадан кейін ол жүкті болып, қыз баланы дүниеге әкелген. Алайда түрлі жағдайларға байланысты сәбиінен айырылған.
32 жыл бойы үнсіз келген Наташа Қалымбетова бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты тек кінәлілердің жазалануына қол жеткізу емес, сонымен қатар зорлық көрген әйелдердің кінәсіз екенін дәлелдеу екенін айтты. Оның сөзінше, жәбірленушілер емес, қылмыскерлер қоғам алдында жауап беруі тиіс.
Қазіргі уақытта Наташа Қалымбетова өзіне қатысты істің әділ тергелуін талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгініп жүр. Сонымен бірге ол осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын айырылып қалған қызын іздеуді жалғастыруда. Бұл оқиға Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтеріп, қоғамда кең талқыланған тақырыптардың біріне айналды.
