АҚШ әскері Иранға жаңа соққылар сериясын бастады
АҚШ әскері Иранға жаңа соққылар сериясын бастады. Соққылар Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне шабуыл жасау үшін пайдаланылатын Иранның әскери мүмкіндіктерін әлсіретуге бағытталған.
Сурет: tengrinews.kz
20 шілдеде АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы соққылардың жаңа толқынын бастағанын жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Орталық қолбасшылықтың X әлеуметтік желісіндегі жазбасына сәйкес, АҚШ уақыты бойынша сағат 16:00-де бас қолбасшының нұсқауымен Иранға жаңа соққылар сериясы басталды. Бұл соққылардың мақсаты – Иранның Ормуз бұғазында сауда кемелеріне шабуыл жасау үшін пайдаланылатын әскери мүмкіндіктерін одан әрі әлсірету.
Иран ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, АҚШ армиясының шабуылына Бендер-Аббас, Сирик, Чабахар, Конарак, Исфахан, Шираз қалалары және Ормуз бұғазындағы Кешм аралы ұшыраған. Иранның оңтүстігіндегі порттық қала Бендер-Ленгте екі жарылыс болып, Маркази провинциясындағы Хомейн ауданындағы өнеркәсіп нысанына соққы жасалды. Бушердегі атом электр станциясы маңында әуе қорғанысы жүйесі іске қосылды.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иран әрбір өлтірілген американдық сарбаз үшін еселенген кек алатынын мәлімдеп, тиісті директиваны АҚШ-тың жоғары әскери қолбасшылығына жібергенін айтты. «Иран американдық сарбазды өлтірген сайын, ол бұл өлтіру үшін еселенген төлем төлейді! Бұл директива қорғаныс министрі Пит Хегсетке, Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэниел Кейнге және әрбір әскери басшыға жіберілді», – деп жазды Трамп.
Сенбі күні CENTCOM Иорданияда ирандық зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарға қарсы әрекет кезінде екі американ әскери қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады. Екеуі де зымыранға қарсы бөлімшелердің құрамында болған.
