Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі
«Қазақстан темір жолы» басшысы Талғат Алдыбергенов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, елдегі пойыздардың кешігу себебін және вагондардағы желдеткіш жүйесінің жай-күйін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Журналистер компания басшысына жолаушылардың сағаттап жолда қалуы (мысалы, Алматы бағытында 26 сағат жүруі) және бұл туралы алдын ала ескерту жасалмауы қатысты сұрақ қойды.
Талғат Алдыбергенов кешігулерді күннің ыстығымен байланыстырды: «Қазір сыртта өте жоғары температура болып тұр. Бұл тек Қазақстанда емес, барлық жерде, тіпті Еуропада да орын алды. Аномальді ыстықтан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан қозғалыс пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылдамдыққа шектеу қойылады», — деді ол.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері вагондарда кондиционерлердің жұмыс істемейтінін алға тартты. Оған жауап ретінде ҚТЖ басшысы салқындатқыш жүйелерінің істеп тұрғанын айтты.
