81 жасқа қараған шағында көрнекті қазақстандық ғалым, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржанов өмірден озды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Бұл туралы Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор көрнекті қазақстандық ғалым, академик Қайрат Қамалұлы Қадыржановтың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қайрат Қамалұлының өмірден озуы – отандық ғылым мен бүкіл еліміз үшін орны толмас ауыр қаза. Ол бүкіл саналы ғұмырын ядролық физиканы дамытуға, жас ғалымдарды тәрбиелеуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға арнап, әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне ие болды. Қайрат Қамалұлының ғылымға адалдығы, жоғары кәсібилігі және Отанға сіңірген еңбегі туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталады. Орны толмас қайғыға ортақтасып, отбасы мүшелеріне, туған-туыстарына, достарына және әріптестеріне шынайы көңіл айтамыз», – делінген жұма күні жарияланған хабарламада.

Қайрат Қадыржанов 1945 жылдың 5 желтоқсанында Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол физика-математика ғылымдарының докторы, профессор әрі радиациялық физика, ядролық технологиялар және радиациялық экология салаларындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының бірі болды. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академияның және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атанып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды.