Алматы ПД видеосынан скриншот
Алматыдағы Сайын мен Абай көшелерінің қиылысында жол үстіндегі жанжал жаппай төбелеске ұласты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланың ең қарбалас көшелерінің бірінде болған жолдағы келіспеушілік санаулы секунд ішінде төбелеске айналған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең тарап, полицияның назарын аударды.
Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысқан барлық азаматты жедел анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді.
Анықталғандай, жанжалға жеңіл автокөліктің жүргізушісі, шағын автобустың жолаушысы және екі кәмелетке толмаған жасөспірім қатысқан. Жол қозғалысына қатысушылар арасындағы сөзге келіспеушілік кейін төбелеске ұласқан. Оларды оқиға куәгерлері ажыратқан.
«Тексеру барысында әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бірқатар бұзылғанын анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартты», – деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаменті.
Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Полиция жолда өзара құрмет пен тәртіпті сақтау маңызды екенін еске салды. Ведомствоның мәліметінше, агрессия көрсету, жанжалды күш қолдану арқылы шешуге әрекет жасау заң аясында жауапкершілікке әкеледі.
