Сурет: tengrinews.kz
Түркияның Жерорта теңізі жағалауында демалуды жоспарлап жүрген туристер үшін жаңа шектеулер енгізілді. 5 маусымнан бастап Антальяның танымал курорттарында темекі шегуге толық тыйым салынды. Бұл шара теңіз экожүйесін темекі тұқылдарынан қорғау мақсатында қабылданған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Hurriyet Daily News басылымының мәліметінше, жаңа ережелер әзірге Лара, Белек, Чамьюва және Beach Park сияқты төрт танымал аймақтағы жағажайларға қатысты. Бұл шара алдымен Мәдениет және туризм министрлігінің басқаруындағы жағажайларды қамтиды. Болашақта «түтінсіз аймақтар» тізімін кеңейту жоспарланып отыр.
Мұндай шешім Акдениз университетінің зерттеулерінен кейін қабылданды. Ғалымдар теңіз түбінде темекі тұқылдарының өте көп мөлшерде жиналғанын анықтаған. Жоба үйлестірушісі Эбру Шахиннің айтуынша, теңіз түбінен түсірілген суреттерде бастапқыда теңіз ағзалары деп ойлаған нысандардың шын мәнінде темекі тұқылдарының тауы болып шыққаны белгілі болған. Тұқылдар құм мен қиыршық тастардың арасында жиналып, ағыспен ашық теңізге тарап, экожүйеге орасан зор зиян келтіреді.
Бұл бастама Антальяның кең ауқымды экологиялық стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Қалада тегін ауызсу станциялары орнатылып, қайта өңдеуге арналған ыдыстарды қабылдайтын автоматтар желісі кеңейтілуде. Сондай-ақ, Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі де бұл жобаға қолдау көрсетуде. Елде барлық қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған аймақтарды кеңейтуді көздейтін заң жобасы әзірленуде. Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, құжат тиісті ведомстволармен келісудің соңғы сатысында. Елдің басты мақсаты – 2040 жылдың 1 қаңтарына қарай республика аумағында темекі өнімдерін сатуды толығымен тоқтату.
