Фото: depositphotos.com
Украинаның Одесса қаласында Қазақстан азаматтарына қатысты заңсыз әрекеттер жасаған ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Qazaq Today.info порталы.
Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеруде. ҚР ІІМ мәліметінше, 120-дан астам адам әлгі интернет-алаяқтардың құрығына түскен. Жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асады.
«Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар өздерін байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін ұрлаған», — деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
