Фото: Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы
Қызылорда облысында 32 жастағы әйел үшем қызды дүниеге әкелді, хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбилерге Хадия, Дария және Жәния есімдері берілген. Дүниеге келген кездегі салмақтары сәйкесінше 1210, 1470 және 980 грамм болған. Қыздар екі ай бойы Ана мен бала орталығының жаңа туған нәрестелерді арнайы күту бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды.
Мамандардың білікті көмегі мен заманауи медициналық күтімнің арқасында нәрестелердің жағдайы тұрақтанып, салмақтары едәуір артқан. Қазір олардың салмағы 2390, 3390 және 2060 граммға жеткен.
Үшемнің анасы – 32 жастағы Мөлдір Бекбаулы, әкесі – 34 жастағы Нұрсұлтан Берікбол. Сырдария ауданының Басарық ауылында тұратын отбасы бұған дейін екі бала тәрбиелеп отырған.
