Сурет: azh.kz
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты туындаған жағдайға түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, спортшыға жалақы төлеудің кешігуі жаңа олимпиадалық циклге арналған келісімшарттың әлі жасалмауына байланысты болып отыр деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ведомство басшысының сөзінше, Шайдоров 2026 жылдың ақпан айына дейін алдыңғы олимпиадалық циклдің келісімшарты аясында жалақысын алып келген. Олимпиада ойындарынан кейін бұл келісімшарттың мерзімі аяқталған. Наурыз айынан бастап келесі олимпиадалық цикл үшін жаңа келісімшарт жасау қажет болды. Министр бұл барлық ұлттық құрама спортшыларына қатысты стандартты рәсім екенін атап өтті.
Ермек Мырзабосынов спортшымен жаңа келісімшартқа әлі қол қойылмағанын, сол себепті жаңа кезең үшін төлемдерді есептеуге құқықтық негіз жоқ екенін мәлімдеді. Келісімшартқа қол қойылмауының себебі – спортшы «Міндеттемелер» туралы тармақпен келіспей отыр. Тараптар әзірге ортақ заңды шешімге келе қоймаған. Сонымен қатар, министр Олимпиададағы жеңісінен кейін Шайдоровқа оның жаңа мәртебесіне сай, бұрынғыдан әлдеқайда тиімді шарттармен жаңа келісімшарт ұсынылғанын айтты.
Министр қаржыландыруды қысқарту, спортшының жағдайын нашарлату немесе ұлттық құрамадағы мәртебесін төмендету туралы ешқандай әңгіме жоқ екенін баса айтты. Оның айтуынша, жаңа келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Шайдоров соңғы үш айдың төлемдерін толық көлемде алады. «Мемлекет Олимпиада чемпионы алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды», – деді Мырзабосынов. Ол сондай-ақ бұл келісімшарттың үлгілік екенін және ұлттық құраманың барлық мүшелеріне қолданылатынын, министрлік бір спортшы үшін оның шарттарын өзгерте алмайтынын жеткізді.
Медициналық сүйемелдеу мәселесіне қатысты министр дәрігерлер мен массажшылар оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезінде жекелеген спортшыларға немесе командаларға бекітілетінін түсіндірді. Егер бас бапкерден сұраныс түссе, Шайдоровқа жеке дәрігер тағайындалады. Спортшының бапкерлік штабы жұмысын жалғастыруда. Бас бапкер Әсем Қасанова, жеке бапкері Алексей Урманов және құраманың басқа да мамандары жаңа келісімшартқа қол қойып үлгерген.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының алтын медалі үшін берілетін сыйақыны міндетті рәсімдерден кейін маусым-шілде айларында төлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Шайдоровқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беруге ешқандай кедергі жоқ. Тиісті бұйрыққа қол қойылған, ал төсбелгі мен куәлікті спортшыға Астанадағы жеке кездесуде табыстау көзделген.
Сөз соңында министр жанкүйерлерді жағдайға сабырмен және объективті қарауға шақырып, Шайдоровтың есімі Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылғанын еске салды. Айта кетейік, мәселе Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың Тимур Балымбетовке берген сұхбатында тарихи жеңістен кейін бес айға жуық жалақы алмай жүргенін мәлімдегеннен кейін көтерілген болатын.
