Астана, Алматы және 16 облыста дауылды ескерту жарияланды

Астана, Алматы және 16 облыста дауылды ескерту жарияланды

Сурет: tengrinews.kz

Сәрсенбі, 29 мамырда Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 16 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, бірқатар өңірде найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Астанада батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғып, күндіз екпіні 15-18 м/с жетеді. Алматы қаласында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Іле Алатауының таулы аймақтарында да жауын-шашын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей жерлерде 18-23 м/с жетуі мүмкін.

Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік Қазақстан облысында найзағай, бұршақ, дауыл күтіліп, желдің екпіні 23-28 м/с болады. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да түнде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл болжанып, жел екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында да найзағай ойнап, жаңбыр жауады, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал.

Батыс аймақтарда да атмосфералық жауын-шашын күтіледі. Атырау облысында күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Маңғыстау облысында күндіз найзағай ойнап, жаңбыр жауады, шаңды дауыл тұрып, жел екпіні 17-22 м/с жетеді. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының басым бөлігінде күндіз найзағайлы жаңбыр жауады.

Орталық және оңтүстік өңірлерде де жел күшейеді. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл тұрады. Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел екпіні 15-23 м/с аралығында болады. Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика