Әйелдің басын балтамен шапқан: жасырынып жүрген қылмыскерлер Ресейде ұсталды

Фото: polisia.kz

Жыл басынан бері Ресей Федерациясының аумағында Қазақстан ішкі істер органдары іздестіріп жүрген 27 қылмыскер анықталды. Олардың 14-і ұсталып, 13 адамның жүрген жері белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ-ке сілтеме жасаған Qazaqtoday.info.

Өз кезегінде қазақстандық полицейлер ресейлік әріптестері үшін іздеуде жүрген 212 адамды анықтады. Олардың ішінде 31 қылмыскер ұсталып, 180 адамның жүрген жері анықталды.

Бірлескен жұмыстың нәтижелерінің бірі ретінде Ақтау қаласының әуежайында мемлекетаралық іздеуде жүрген ер адамның ұсталғанын атап өтуге болады. Ол Баку қаласына ұшып кетпек болған кезде қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Тергеу мәліметінше, 2012 жылы Ресей Федерациясының Калуга қаласында күдікті жанжал барысында үй иесінің басына шабатын затпен үш рет соққы жасаған. Алған жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Сонымен қатар Ресейдің Владикавказ қаласында жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматын ұстады. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, 2022 жылғы 14 қаңтарда Шымкент қаласындағы автосалондардың бірінде ер адам жергілікті тұрғыннан Toyota Camry автокөлігін 20 миллион теңгеге сатып беремін деген сылтаумен алған. Кейін құжаттарды қолдан жасап, көлікті белгісіз тұлғаға сатып жіберіп, жәбірленушіге материалдық шығын келтірген.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл жауапкершіліктен жалтарып жүрген адамдарды тез анықтап, ұстауға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ қылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика