«Соғымға соймаңыздар»: Көкшетаудағы Саргүл есімді қой желіні сүйсінтті (ВИДЕО)
Көкшетауда иесінің айтқанын орындап, секіретін Саргүл есімді қой әлеуметтік желі қолданушыларын сүйсінтті. Ерекше жануардың видеосын көрген жұрт оны соғымға соймауды сұраған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Kazakh_inform парақшасының мәліметінше, Саргүлді 68 жастағы көкшетаулық Темірболат Жүсіпов үш жыл бұрын бауырына басқан. Туған енесі емізбей қойған қозыны қария бөтелкемен сиыр сүтін және сүт қоспаларын беріп өсіріпті. Алғашқы кезде ол тауық қорада тұрған.
Қозы кезінде сүт ішерде қуанып секіретін Саргүлдің бұл әдеті өскенде де қалмаған. Қазір ол иесінің айтқанын орындап, секіреді. Бірақ өзге адамдарды тыңдамайды.
Видеоға пікір қалдырғандар қойдың қылығына сүйсініп, оның тағдырына алаңдаған. Көпшілік Саргүлді соғымға соймауды өтінсе, енді бірі бала күнінде бауыр басқан үй жануарларын еске алған.
Алайда қарияның жақындары жұрттың алаңдауына негіз жоқ екенін жеткізген. Олардың айтуынша, Саргүл отбасының бір мүшесіне айналған. Сондықтан оны союға да, өзгеге беруге де ниетті емес.
