Алматыда 25 жастағы Ерзат Егізбайдың жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы «КТК-ға» сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, жас жігіт құрылыс нысанында геодезистің көмекшісі болып жұмыс істеген. Жұбайының сөзінше, оның әріптестерімен де, отбасымен де ешқандай келіспеушілігі болмаған.
19 мамыр, сейсенбі күні Ерзат әдеттегідей жұмысқа кеткен. Алайда сол күні үйіне оралмаған. Туыстарының айтуынша, күндізгі сағат 14:00 шамасында ол бастығынан дүкенге барып келуге сұранған. Бірақ кейін автобусқа отырып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Космос ауылына қарай кеткені белгілі болды.
Дәл осы ауыл маңында оның телефоны соңғы рет желіге қосылған. Қазір ұялы телефоны сөндірулі.
Ерзаттың жарының айтуынша, ол бұрын-соңды ескертусіз үйден кетпеген. Ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, есепте тұрмайды. Қазір жоғалған ер адамды туыстары, еріктілер мен полиция іздеп жатыр.
