Бүгін, 18 мамырда Атырауда Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне қатысты резонансты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл қылмыстық іс бойынша сотталушының төрт туысы қаза тапқан, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Сот отырысына судья Зарема Хамедуллина төрағалық етуде. Өңірдегі резонансты әрі ауыр қылмыстық істер көп жылдан бері осы судьяға тапсырылып келеді. Сот отырысын аша отырып, судья айыптаулардың толық тізімін жариялады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес, сотталушыға бірден бірнеше эпизод бойынша айып тағылып отыр:
- ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі, 1, 5, 13-тармақтары – екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ бұрын адам өлтірген адамның қайтадан кісі өлтіруі;
- ҚР ҚК 188-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы – ірі мөлшерде жасалған ұрлық;
- ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, 1 және 4-тармақтары – бірнеше рет жасалған ірі мөлшердегі алаяқтық;
- ҚР ҚК 384-бабы, 2-бөлігі – жеке құжаттарды ұрлау, жою немесе бүлдіру.
Сот отырысы жалғасып жатыр.
Сот ашық форматта өтіп жатыр. Басты айыпталушы отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев. Оған төрт адамды өлтірді, сондай-ақ марқұмдардың малын сатып, банк карталарын иемденді деген айып тағылған. Сотқа ол арнайы күзетпен жеткізілді. Айыпталушыны мемлекет тағайындаған адвокат қорғауда. Ал оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева айыпталушылар тізіміне енбеген. Еске салсақ, бұған дейін Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған еді. Кейінірек, 6 қаңтарда олардың мәйіттері үй жанындағы қорадан табылған. Бұл оқиға Атырау облысы тұрғындары арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
