«Қақтығыс болуы мүмкін»: Си Цзиньпин Тайваньға қатысты Трампқа ескерту жасады

Си Цзиньпин Трампқа Тайваньға қатысты ескерту жасады: «қақтығыс болуы мүмкін»

Сурет: bbc.com

Бейжіңде өткен кездесуде Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трампқа Тайваньға қатысты абайсыздық екі ел арасындағы «қақтығысқа» әкелуі мүмкін екенін ескертті. Қытай басшысы Тайвань мәселесін екіжақты қарым-қатынастағы ең маңызды тақырып екенін атады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, Си Цзиньпин: «Егер бұл мәселеге дұрыс қарасақ, екіжақты қарым-қатынастар тұрақты болады. Ал егер қателікке жол берілсе, екі ел арасында қақтығыс туындап, бүкіл Қытай-Америка қатынастарына қауіп төнуі мүмкін», – деді. Ол Тайвань тәуелсіздігі Тайвань бұғазындағы бейбітшілікке «түбегейлі қайшы келетінін», ал бұғаздағы тыныштық Қытай мен АҚШ арасындағы ең үлкен ортақ мүдде екенін атап өтті.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған Бейжіңдегі кездесуде сауда және Ирандағы ахуал мәселелері талқыланды деп болжануда. Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай «бәсекелес емес, серіктес болуы керек» деп мәлімдеді. Келіссөздерден кейін Дональд Трамп кездесуді «тамаша» деп бағалап, Си Цзиньпинді «ұлы көшбасшы» және «досы» деп атады, бірақ Тайвань туралы мәлімдемеге қатысты пікір білдірмеді.

Кейінірек Ақ үй екі ел көшбасшыларының экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын, соның ішінде америкалық компаниялардың Қытай нарығына шығуын кеңейту және Қытайдың АҚШ салаларына инвестициясын арттыру мәселелерін талқылағанын хабарлады. Трамптың делегациясы құрамында Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, Apple бас директоры Тим Кук және Tesla мен SpaceX иесі Илон Маск сияқты ірі компаниялардың оннан астам басшысы болды.

Сонымен қатар, Трамп пен Си Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауы керектігі және Ормуз бұғазының ашық қалуы тиіс екендігі туралы келісімге келді. Алайда Қытай Сыртқы істер министрлігінің кездесу туралы ресми хабарламасында Иран тақырыбына аз тоқталып, негізінен сауда мен Тайвань мәселесіне назар аударылған.

Өз кезегінде, Тайвань үкіметі АҚШ-тың қолдауына ризашылығын білдіргенімен, арал тұрғындарының көбі Трамп пен Си Цзиньпин кездесуінен кейін Вашингтон экономикалық пайда үшін Бейжіңге Тайвань мәртебесіне қатысты жеңілдіктер жасауы мүмкін деп қауіптенеді. Вашингтон «бір Қытай» саясатын ұстанады, яғни Бейжіңді елдің жалғыз заңды үкіметі деп таниды, бірақ Тайбэймен бейресми байланыстарды сақтап, оған өзін-өзі қорғау құралдарын беруге міндетті.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика