Қазақстанда «артық» баспанаға жоғары салық енгізілуі мүмкін

Қазақстанда "артық" баспанаға жоғары салық енгізілуі мүмкін

Сурет: inbusiness.kz

«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бірнеше пәтер сатып алатын азаматтар үшін салықты қатаңдатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл шара баспана нарығындағы бағаны тұрақтандырып, оның инвестициялық активке айналуына жол бермеу үшін қажет, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Ләззат Ибрагимованың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанда баспана қажеттіліктен гөрі инвестициялық активке айналып барады. Ол табысы шығынынан асатын, қаржылық жағдайы тұрақты азаматтардың қаражатын жылжымайтын мүлікке салуға бейім екенін атап өтті. «Бір адамның сегіз пәтерде бірдей тұра алмайтыны түсінікті. Ол пәтерлерді балалары, немерелері үшін немесе жалға беру мақсатында сатып алады», – деді банк басшысы.

Егер пәтер жалға беру үшін алынса, онда мұндай жылжымайтын мүлікті коммерциялық нысан ретінде қарастырып, оған қосымша салық салу керек деп санайды маман. Ибрагимова бірнеше пәтерге иелік еткені үшін жоғары салық енгізу бірінші баспанасын ала алмай жүргендер мен бесінші немесе алтыншы пәтерін сатып алып жатқандар арасындағы алшақтықты азайтуға көмектеседі деп есептейді. Бұл ретте ол Қытайда қолданылатын жүйені мысалға келтірді.

Сондай-ақ банк басшысы жылжымайтын мүлікті бірден оның нақты иесінің, мысалы, балаларының немесе немерелерінің атына рәсімдеуді ынталандыруды ұсынды. «Отбасы банк» өкілі мемлекеттік қолдау ең алдымен алғашқы баспанасын сатып алатын азаматтарға бағытталуы тиіс екенін ерекше атап өтті. «Билік барлығына көмектесе алмайды және көмектесуге міндетті емес, бірақ жеке пәтерге шынымен мұқтаж жандарға қолдау көрсетуі керек», – деп түйіндеді Ләззат Ибрагимова.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика