Сурет: turkystan.kz
Әнші Тамара Асардың жұбайы Бекмырза Жұмаш Айтжанұлының бұрынғы әйелі әлеуметтік желіде оның бұрынғы некеден туған балаларына алимент төлеуден бас тартып, қаржылық көмек көрсетпейтінін мәлімдеді. Ол кәсіпкердің табысын жасырып, ортақ балаларымен араласпайтынын айтып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Кәсіпкердің бұрынғы жұбайының жазуынша, олар заңды некеде тұрған кезде «Завод Астық» кәсіпорнының негізі қаланған. Алайда, оның сөзінше, сегіз жылдан кейін Бекмырза Жұмашұлы (бұрынғы аты-жөні – Жүсіпбеков Жұмабек Айтжанұлы) отбасынан кетіп, бизнесті толығымен өзіне алып қалған. Ол кәсіпкердің қазіргі таңда аты-жөнін өзгерткенін де атап өтті.
Келіншектің айтуынша, бұрынғы күйеуі кәмелетке толмаған балаларының оқу ақысы, медициналық шығындары және басқа да қажеттіліктері үшін ешқандай көмек көрсетпейді. «Ажырасуға өзі арыз беріп, мені 40 жасқа таяғанда табыссыз қалдырды. Зауыттағы жалақымды алиментке алмастырды, бірақ ол қаражат балаларға лайықты білім алуға жетпейді. Балалар әкесінің осы зауыттан түсетін табысына сай алимент алуға толық құқылы», – дейді ол өз жазбасында.
Сонымен қатар ол кәсіпкердің қазіргі отбасымен шетелде демалып, қажылыққа барып, қымбат дүниелер сатып алып жатқанын, алайда бұл қаражат өз балаларына тиесілі екенін алға тартады. «Өз балаларыңның бақытын басқа балалардың есебінен құра алмайсың. Өздерін үлгілі етіп көрсететін, бірақ шын мәнінде балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтін отбасы ұялуы керек», – деп жазды Тамара Асардың күйеуінің бұрынғы әйелі.
