Перизат Қайратқа қатысы бар: құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Коллаж: qazaqtoday

Астанада жұртты 3,9 млрд теңгеге алдады деген күдікпен бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше күдікті 2021-2024 жылдар аралығында елордада Nura Elite коттедж қалашығын саламын деп халықтан қыруар қаражат жинаған. Жоба бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус салынуы керек болғанымен, 2023 жылдың соңында қолданысқа берілуі тиіс үйлердің әлі күнге дейін тек қаңқасы ғана тұр.

Аталған іс бойынша 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, олардың жалпы шығыны 3,9 млрд теңгеге жеткен.

Тергеу барысында халықтан түскен ақшаның 322 млн теңгесі Мөлдір Сүйіншәлінің, оның жұбайы мен анасының жеке есепшоттарына аударылып, тағы 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталды. Оған қоса кәсіпкер жәбірленушілердің бірі толық ақысын төлеп қойған коттеджді өзінің жеке қарызы үшін кепілге қойып, кейін оны басқа адамдардың атына рәсімдеп бірнеше рет қайта сатып жіберген. Ол сатып алушылармен жер учаскелерін беру туралы жалған шарттар жасасқан, алайда шын мәнінде оның бұл жерлерді иеліктен шығаруға ешқандай заңды құқығы болмаған.

Үлескерлер ақшасының бір бөлігі Астанада Асылхан тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға кеткен. Алайда бұл нысанның да құрылысына қажетті рұқсат құжаттары болмаған. Соған қарамастан Сүйіншәлі Перизат Қайраттың Biz Birgemiz қайырымдылық қоры арқылы БАҚ өкілдеріне мұқтаж әйелге осы салынбаған үйден пәтер беретіні туралы жалған ақпарат таратқан.

Қазіргі кезде соттың санкциясымен Мөлдір Сүйіншәлі үйқамаққа алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, ол Перизат Қайрат ұйымдастырған қайырымдылық кешінде Геннадий Головкиннің қолғабын 10 млн теңгеге сатып алып, кейін оның ісі бойынша тергеуде жауап берген болатын.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика