Фото: shutterstock.com
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз ойын бизнесімен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Шымкент қаласының тұрғыны мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жасырын интернет-казиноны ұйымдастырып, оның жұмысын үйлестірген.
Қылмыстық схеманы іске асыру үшін покер ойнауға арналған («Техас холдем») мобильді қосымша пайдаланылған. Онда «Vendetta» және «AMG600L» атты ойын клубтары құрылып, олар «Nomad» желісіне біріктірілген.
Аталған клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің ойыншыларын да тартқан.
Клиенттер санын көбейту үшін мессенджерлер арқылы мақсатты хабарламалар жіберіліп, түрлі бонустар мен ынталандыру жүйесі қолданылған.
Ойыншылар өз есепшоттарын банк шоттарына ақша аудару арқылы толтырып, соның негізінде ойынға қатысуға мүмкіндік беретін «фишкалар» алған. Ұтқан жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың карталарына аударылып отырған.
Ұйымдастырушылардың табысы әр ойын үстелінен алынатын 3–5% көлеміндегі комиссия («рейк») есебінен қалыптасып, тұрақты кіріс әкеліп отырған. Сонымен қатар ойыншыларды ұстап қалу үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған.
Қаржы ағымдарын жасыру мақсатында «дропперлердің» банк шоттары, оның ішінде шетел азаматтарының шоттары пайдаланылған. Шот бергені үшін оларға әрбір есепшотқа 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленген.
Аталған шоттар бойынша жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден асқан.
Сондай-ақ тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі заты табылып, тәркіленді.
Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
