Германияның Бундеслигасында бұрын-соңды болмаған жағдай тіркелді: 34 жастағы маман Мари-Луиза Эта ерлер футбол клубын басқарған алғашқы әйел атанды. Енді оның алдында Берлиннің «Унион» командасын элиталық дивизионда сақтап қалу міндеті тұр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Эта клубтың U19 жасөспірімдер құрамымен жұмыс істеген. Ол жаздан бастап клубтың әйелдер командасына ауысуды жоспарлаған еді, алайда күтпеген жерден негізгі командаға жауапты болып тағайындалды.
«Клубтың маған осындай жауапты міндетті сеніп тапсырғанына қуаныштымын. ‘Унионның’ басты күші – осындай қиын сәттерде барлық күш-жігерімізді біріктіретінімізде», — деді ол.
Мари-Луиза Эта Дрезден қаласының тумасы. Бұрын өзі де кәсіби футболшы болған, тірек жартылай қорғаушы позициясында ойнаған. Ол «Турбине Потсдам» сапында Германия чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Сондай-ақ Германияның түрлі жастағы жастар құрамасына шақыртылған.
«Унион» клубының жүйесінде Эта 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Оның жұбайы Беньямин Эта да футболдан алыс емес: ол «РБ Лейпциг» клубының әйелдер командасын жаттықтырады.
Фото: Әлеуметтік желіден
